Жамбыл облысының алты ауданында жылу мен суару суының жетіспеушілігіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының негізінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркен, Т.Рысқұлов және Талас аумақтарында облыстық ауқымда табиғи төтенше жағдай режимі жарияланды. Осыған байланысты облыстың жоғарыда аталған аудандарында ауа райының нормадан тыс ыстық болуынан және су тапшылығынан шаруалардың шығынын өтеу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу мәселесі шешілуде», - деп баяндамада айтылған.
Әкімдікте хабарланғандай, биылғы жылы суармалы судың жетіспеуіне және ауа райының қалыпты ыстық болуына байланысты 2022 жылмен салыстырғанда егін шығыны шамамен 25-30 пайызды құрайды деп күтілуде.
«Ағымдағы жағдайды ескере отырып, шілде айында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен кеңесте өңір басшысының бастамасымен облыста төтенше жағдай жариялау мәселесі көтерілді. Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Топтың құрамында Ауыл шаруашылығы, Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, Су ресурстары комитетінің, «Қазводхоз» Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері болды», - деп нақтылады облыс билігі.
Әкімдіктің хабарлауынша, жұмыс тобының мүшелері егіс алқаптарын аралап, жағдаймен танысып, шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесулер өткізді.
«Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірге жұмыс сапары барысында жергілікті диқандармен жеке кездесіп, ағымдағы жағдаймен танысты. Жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыс көлемінде төтенше жағдай жариялап, шаруа қожалықтарына өтемақы төлеу туралы ұсыныс айтылып, қолдау тапты. Бүгінгі таңда облыстың алты ауданында келтірілген шығынды есептеу бойынша жұмыс топтары мен ғылыми-зерттеу институттарының бірлескен жұмысы жалғасуда. Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын көлемі вегетациялық кезең аяқталмай тұрып, алдағы күндері жарамсыз егістік алқаптары мен шығын көлемі нақтыланатын болады. Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімі жауапты тұлғаларға шаруаларға келтірілген шығын көлемін есептеудің заңдылығын қатаң бақылауға алу жөнінде хаттамалық тапсырма жүктеді», - деп толықтырды облыс әкімдігі.