«Целинныйдағы» Himoya көрмесі

Өткенді сақтап, болашақты жасау

АФ
Анна Фролкина
19 октября 2026

Фотолар автор ұсынған
Фотолар автор ұсынған

Қазанның 15-і күні «Целинный» Қазіргі мәдениет орталығында куратор Наташа Гинвалы дайындаған ауқымды халықаралық жоба – «Himoya: Әйелдер тегінің энергиясы, киелі байланыстар» ашылады. Көрме Орталық Азия мен өзге өңірлерден 21 суретшіні біріктіреді және 2027 жылғы 4 сәуірге дейін жалғасады.

Жобаның қатысушылары: Умида Ахмедова, Нара Бейбіт, Хоа Дунг Клерже, Азиза Қадыри, Ариз Катки, Ойжон Хайруллаева, Жазгүл Мадазимова, Алмагүл Менлібаева, Ана Мария Мильян, Зарина Мұқанова, Елман Мұқтархан, NAOMI, Ритика Пандей, Тания Петерсен, Раджни Перера, Зилола Саидова, Читра Сасмита, Ахмед Умар, Хэгю Ян, Радина Ясуева және Гүзәл Закир.

Көрменің атауы оны түсінудің басты кілтін береді. «Himoya» бірнеше тілдік дәстүрде бар және «қорғау, қамқорлық, сақтандыру» деп аударылады. Алайда көрме аясында бұл ұғым кеңірек түсіндіріледі. «Целинныйдың» көркемдік жетекшісі Әлима Қайрат былай деп түсіндіреді:

«Himoya бір нәрседен қорғануды ғана емес, әлсіз, нәзік дүниенің өмір сүре алуына жағдай жасауды да білдіреді. Бәлкім, бұл көрменің өзегіндегі ой да осы шығар: біз нені қорғаймыз? Қандай ақпаратты, қандай білімді қорғаймыз? Бізге қандай білім келеді? Himoya – әйелдер тегінің білімі туралы, білімнің ұрпақтан ұрпаққа қалай ауысатыны туралы зерттеу. Мұнда «himoya» – қамқорлықтың бір түрі және басқа, жаңа болашақты құру мүмкіндігі».

Осыдан тақырып ауқымы да кеңейеді. Көрме отбасылық және ұжымдық жады, әйелдер туыстығы мен әр буынның тәжірибесі, рухани және шамандық тәжірибелер, сопылық және зороастризм дәстүрлері, миграция, жоғалған тілдер мен ғұрыптар, тарихи жарақаттар, экология және мәдени білімнің уақыт өте қалай сақталып, өзгеретіні туралы сөз етеді.

Мұнда жады архив түрінде сақталмайды. Ол денеде мен қимылда, отбасылық хикаяларда, заттарда, рецепттерде, тіл мен дағдыда – буыннан буынға берілетіннің бәрінде қалады. Жоба ата-баба білімін өткеннің айғағы ретінде емес, бүгінді ұғынуға және болашақты жасауға көмектесетін тірі материал ретінде қарауды ұсынады.

Алты жұмыстың мысалында көрмеде сізді не күтіп тұрғанын баяндаймыз.

Алмагүл Менлібаева | «Екінші қайта жүктеу»

Қазақстандық суретші Алмагүл Менлібаева – Орталық Азиядағы видеоарт пен цифрлық медианың пионерлерінің бірі, 1980-жылдардан бері көпарналы аудио және видео инсталляциялармен жұмыс істеп келеді. Оның «Екінші қайта жүктеу: Тіл мен аштық, Сталиннің Жібек жолы» атты жұмысын ортасынаa0 1931–1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық тарихы қойылған, ол бір әулеттің әйелдер желісі арқылы баяндалады.

Мұнда тіл ерекше рөл атқарады. Әңгіме өзегінде – көшпелі әйел: ол орыс тілін білмегені билік өкілдеріне өз отбасына не қажет екенін түсіндіруге мүмкіндік бермеді, демек көмек алуға да мүмкіндік қалдырмады деп сенеді. Инсталляцияда деректі кадрлар, еденге түсірілген бейнепроекция, дыбыстық сүйемелдеу және қолдан тігілген текстиль бірігіп, жады картасына айналады – ұрпақтар арасындағы жадыны жеткізу үдерісі, әрі бұл үдерісті, суретшінің сөзімен айтқанда, «бейне, дыбыс не дерекке толықтай аударып беру мүмкін емес».a0

Гүзәл Закир | Төзімділіктің дәмі

Қазақстандық ұйғыр текті суретші Гүзәл Закир үшін де бастау нүктесі – отбасы тарихы, бірақ ол оны ең кәдуілгі тұрмыстық заттар арқылы баяндайды. Оның атасы жылдар бойы Алматыдағы Жылы базарда көкөніс сатқан, ал 1990-жылдары анасы Барахолкада сату үшін манты мен лагман әзірлеген.

«Төзімділіктің дәмі» жобасында суретші бұл естеліктерді аспаздық кітаптар және тарихи дереккөздермен ұштастырады. Рецепттер, ас әзірлеу тәсілдері мен тұрмыстық заттар жады тасымалдаушысына айналады: күнделікті өмірдің бір бөлігі тәрізді көрінгенімен, шын мәнінде бірнеше буынның тәжірибесін сақтап қалады.

Инсталляцияның өзегінде – асүй мен тұрмысқа арналған текстиль бұйымдары салынған базарлық арба. Ол бір мезетте базарды да, үйді де және қоныс аударғанда аса қажетті дүниелерді тасыған дәстүрлі арбаны да еске салады. Матада қашғарлық «бадам» өрнегі – гүлдеген бадам, қорғаныш, төзімділік пен үміттің символы – пайда болады. Жоба аясында Закир арбаның Алматы барахолкасындағы фотосуреттер сериясын түсіріп, мүсіндік композицияны сауда, еңбек жәнеa0 күнделікті өмірдің тірі ортасына қайтарды.

Бәлкім, бұл Himoya не жайлы айтып тұрғанының ең түсінікті мысалдарының бірі шығар: кейде отбасылық білім құжаттарда емес, балалықтан есте қалған рецептте, дәмде немесе затта сақталады.

Азиза Қадыри | «Темір ана»

Ташкент, Тайбэй, Мәскеу және Бейжің арасында өскен, бүгінде Лондонда тұратын өзбек суретшісі Азиза Қадыридің инсталляциясы оның әжесі Умиданың жарияланбаған мемуарларына негізделген.

Умида Ташкент телемұнарасының құрылысына жетекшілік еткен санаулы әйелдердің бірі болған, кейін оның алғашқы директоры атанды. Ерлер басым кәсіби ортада табандылығы мен өз ұстанымын қорғай білуі үшін әріптестері оны «Темір ана» деп атаған.

Қадыри бұл әңгімені отбасылық архивтен көрме кеңістігіне шығарады. Арнайы осы көрмеге жасалған инсталляция телестудияны – декорациялар мен аппараттықты – еске салады, ал көрерменге интерактивті пульттің жанына отырып көруге ұсынылады. Осылайша ұзақ уақыт бойы отбасы шеңберінде қалған әйелдің жеке өмірбаяны ортақ тарихтың бөлігіне айналып, әдетте ерлерге шоғырланған отбасылық мемуарлар мен шежірелер арасындағы сирек әйел даусын таныстырады.

Умида Ахмедова | MI – Mission Impossible

«Целинныйдағы» Himoya көрмесі

Умида Ахмедова – өзбек деректі кинооператоры және фотограф, Орталық Азиядағы алғашқы әйел кинооператор.a0 Зилола Саидовамен бірге 2006 жылы жасаған MI – Mission Impossible видеосы Өзбекстанның шалғай ауылдарындағы әйелдермен сұхбаттар негізінде құрылған.

Олар балалық шақтарын, мектепті еске алады және кім болғысы келгенін айтады: дәрігер, мұғалім, мәдениет не өнер саласында жұмыс істеу. Көпшілігінің бұл жоспарлары жүзеге аспады. Отбасы қызының тұрмысқа шығуына шешім қабылдауы мүмкін еді, ал білімге ақша жетпесе, оқуға көбіне ұлдарды жіберетін.

Мұнда күрделі көркемдік құрылым жоқ – тек адамдық хикаялар бар, олар тағдыр, өмірлік мұрат және сыртқы күтулерге қарамастан соған ілесу қабілеті туралы ойға айналады.a0

Хэгю Ян | Аспандық дыбыстық жаратқандар – Түнгі сылдырмақтар

«Целинныйдағы» Himoya көрмесі

Кәріс суретшісі Хэгю Янның жұмыстарында Himoya – қорғаныш пен тұмар – идеясы дерлік тура пішін алады. Көрмеге ол «Аспандық жаратқандар» сериясынан үш жаңа мүсін жасап, асатаяқты – ағаш таяққа тағылған қоңыраулар мен салпыншақтардан тұратын шамандық ұрмалы аспапты – жаңаша пайымдайды. Янда ол жаңғақ ағашынан және Алматыда табылып, сатып алынған кәдімгі металл фурнитурадан жасалған ілінген мүсіндерге айналады. Суретшінің өзі оларда бірден бірнеше бейнені тоғыстырады: аспап пен дене, механикалық пен органикалық, тұмар мен қорғаушы.

Жанында корё-мар, ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде «Құмды үңгірдегі Аю-әйелдің тарихы» атты аудио жұмыс естіледі. Онда екі желі тоғысады: Кобо Абэнің «Құмдағы әйел» романындағы кейіпкер және ұзақ уақыты оқшауланудан кейін адамға айналған корей мифіндегі аю-әйел. Екі тарих та төзімділік, түрлену және аман қалу туралы айтады.

Мұнда Himoya идеясының бірі айқын көрінеді: білім мен дәстүр міндетті түрде өзгермей берілмейді. Асатаяқ жаңа пішінге ие болады, корей мифі төрт тілде естіледі, ал тұмар бір мезетте жергілікті де, әмбебап та бола алады.

Читра Сасмита | «Бостандық жеріндегі құйын» және өзге де жұмыстар

Индонезиялық суретші Читра Сасмита дәстүрлі балилік Камасан кескіндемесімен жұмыс істейді. Онда ғасырлар бойы қатаң иерархия сақталған: құдайлар билеушілерден, адамдар мен жындардан жоғары бейнеленеді, ал тұлғалардың орналасуы, қимылдары мен пропорциялары киелі канонға бағынады. Сасмита осы дәстүрдің танымал көркем тілін сақтай отырып, баяндау идеясын өзгертеді – әйелдер оның жұмыстарында орталыққа шығып, тарихи түрде өздеріне берілмеген орынды иеленеді.

Мәселен, «Бостандық жеріндегі құйын» жұмысында халық аңыздарындағы әйел рухтар пайда болады. Солар арқылы суретші мифологияны, жергілікті білімді, туыстық байланыстарды және адамның табиғатқа қарым-қатынасын тоғыстырады. Көрмеде ұсынылған өзге жұмыстарында да өсімдік өрнектері, от пен су қайталанады, ал дене әйелдік білім мен тәжірибені жеткізудің тәсіліне айналады.

Бұл – Himoya қойған сұраққа берілген тағы бір жауап: дәстүрді оны қатаң қозғалмайтын нәрсеге айналдырмай қалай сақтауға болады? Сасмита ескі көркем тілді жоққа шығармайды, оны басқа әңгімені – әйелдер туралы және адамның табиғатпен байланысы туралы – айту үшін пайдаланады.

Алты жұмыс Himoya мәнін қаншалықты кеңінен түсіндіруге болатынын және қорғау, қамқорлық пен жады тақырыбы аясында қаншама мәселені көтеруге болатынын көрсетеді. Бірі отбасылық тарихына оралады, бірі тамақ пен күнделікті заттар арқылы жадыны сақтайды, енді бірі мифтермен, ритуалдық заттармен және көркемдік дәстүрлермен қайта жұмыс істейді.

Сондықтан көрме түптеп келгенде өткенді өзгермейтін күйде сақтау жайлы емес, оның бүгін қалай өмір сүріп жатқандығы туралы болып шығады.

«Himoya: Әйелдер тегінің энергиясы, киелі байланыстар»
15 қазан 2026 – 4 сәуір 2027
«Целинный» Қазіргі мәдениет орталығы, Алматы

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше