Қазақстандық киберспортшы бір айда үшінші ірі Counter-Strike 2 турнирін ұтып алды
molodoy лақап атымен танымал Данил Голубенко бразилиялық FURIA командасын халықаралық аренада тағы бір жеңіске жеткізді
15 қарашада Гонконгте Counter-Strike 2 бойынша BLAST Rivals Fall 2026 турнирі аяқталды. Финалда FURIA Team Spirit-пен кездесіп, 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Қазақстандық ойыншы команда снайпері ретінде өнер көрсетіп, шешуші матчтың ең нәтижелі қатысушыларының бірі болды.
Алғашқы Ancient картасында бразилиялық ұжым 13:11 есебімен ұтты. Dust2-де басымдық әлдеқайда айқын болды — 13:5, ал соңғы Mirage 13:8 есебімен аяқталды. Турнир бойы FURIA бірде-бір серияда жеңілген жоқ.
Финалда Голубенко жеке рейтингте 1,30 көрсеткішіне қол жеткізіп, бұл көрсеткіш бойынша тек командаласы, KSCERATO лақап атымен танымал Кайке Сератоға ғана жол берді. Соңғысы турнирдің ең құнды ойыншысы деп танылды.
Жеңіс FURIA-ға жалпы жүлде қоры $1 млн болатын турнирден $250 мың әкелді. Бұл команда үшін соңғы төрт аптадағы үшінші ірі атақ. Қазан айында ұжым Мальтада өткен Thunderpick World Championship пен Румыниядағы PGL Masters Bucharest турнирлерінде топ жарды.
Голубенко 2025 жылдың көктемінде FURIA сапына қосылды. Осы уақыт ішінде қазақстандық снайпер жетекші киберспорт клубтарының бірінің негізгі құрамында бекіп, халықаралық деңгейде мойындалды. 2025 жылы ол HLTV нұсқасы бойынша жылдың үздік дебютанты атанды.