Софья Самоделкина алғаш рет әлемнің үздік ондығына енді
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина карьерасында алғаш рет Конькимен сырғанаудың халықаралық одағы (ISU) әлемдік рейтингінде оныншы орынға көтерілді. Спортшыға АҚШ-та өткен Гран-при кезеңіндегі өнер көрсетуі үш саты жоғарылауына көмектесті
13–15 қараша күндері АҚШ-тың Эверетт қаласында өткен Skate America турнирінде Самоделкина бесінші орын алды. Қысқа бағдарламада ол 61,03 ұпай жинап, тек 11-орында тұрған еді. Алайда еркін бағдарлама нәтижені едәуір жақсартуға мүмкіндік берді.
Қазылар қазақстандық спортшының өнерін 137,56 ұпайға бағалап, бұл маусымдағы еркін бағдарламасының ең жоғары көрсеткіші болды. Прокат кезінде Самоделкина үштік аксельді де орындап, осы күрделі секіруді ресми халықаралық жарыста орындаған тұңғыш қазақстандық атанды.
Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша спортшы 198,59 ұпай жинады. АҚШ-тағы өнер көрсетуінің арқасында оның ISU жалпы рейтингі 2881 ұпайға дейін өсіп, 13-орыннан оныншы орынға көтерілуіне жол ашты.
Енді Қазақстан бірден екі жеке жарыс санатында да әлемдік үздік ондықта өкілдік етіп отыр. Ерлер рейтингінде олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров екінші орында, ол тек америкалық Илия Малининнен ғана қалып келеді.