Еліміздің белгілі бойз-бендтерінің құрамында болған Аңсат Ділдабай қазір қайда, немен айналысып жүр? Дәл осы сұрақтарға өнер иесі Esquire Kazakhstan үшін жауап берді.

Аңсат Ділдабай: "Бұл менің тілім, менің менталитетім"
Фото: Бақтыбекұлы Ертілеу

Өнер саласына қалай келдіңіз?

Басында “мен музыкант боламын” деген ой мүлдем болған жоқ. Арманым футболист болу еді. Кішкентай кезімде сары аурумен (гепатит) ауырғанмын, сол кезде музыкаға қызығушылығым пайда болды. Кейін Алматыға оқуға түстім, содан кейін “карьера құру керек” деген ой келе бастады. Сол кезде балалармен жиналып, топ құрайық деген әрекеттер жасалды. Осылайша өнер саласына қадам бастым. Дебютті Juniors тобында алдым. Juniors-қа белгілі бір кастинг болды деп айта алмаймын. Біз балалармен бірге оқыдық, сол кезде топ ашайық деген өзімізде стимул болды. Себебі ол кезде Орда, Меломен, Ринго топтарындай сахнада өнер көрсету арман еді. Негізі, жиналуға Kyle Ruh-тың үлесі көп. Ол бәрімізбен келісіп, топ құруға себепші болды. Сол кезде бойз-бендпен жұмыс істейтін Алуа Конарованы тауып алдық. Қалай тапқанымыз шынымды айтсам қазір есімде жоқ, бірақ біз ол кісінің офисін білетінбіз. Менеджерімен келісіп, продюсермен кездесуге бардық. Алуа Конарова бізді тек бір өлеңмен қабылдады, алайда қатарымыздағы бір баланы топтан алып тастады. Кейін Алуа Конаровадан кеткеннен кейін, Moonlight болып негізделген кезде қайтадан ең алғашқы құрамды жинап алдық.

Moonlight қазір жоқ па?

Қазір Moonlight жоқ деп айта алмаймын, бірақ қай уақытта оралатынымыз белгісіз. Өйткені біз «топ тарады» деп ресми түрде айтқан жоқпыз. Сәті түссе, қалаған уақытта ораламыз.

Moonlight тобы құрылған кезде продюсермен жұмыс жасадыңыздар. Продюсерден кетуге, топтың үзіліс алуына не себеп болды?

Продюсермен ағалық қарым қатынас болғаннан кейін бір-бірімізден көп нәрсе күттік. Сол күткен нәрселер орындалмағандықтан реніштер болды. Соған байланысты қиындықтар туындады. Шындығында продюсермен де, продюсерсіз де жұмыс істеу аса қиын емес еді. Бұл жерде керек зат бірлік қой. Бір адам бірлікті құртатын болса, барлығы құртылып кетеді. Бізде сондай ішінара қиындықтар басталды. Себебі продюсермен көп жүріп қалдық, бізге ақша тауып, өзімізді асырау керек болды. Кез келген адам ақша таппаған кезде шаршайды. Сол шаршаған кезде топтың қарым қатынасы іштей бұзылды. 2018 жылы Еріктің топтан кетуі де әсер етті. Әрі қарай төртеуміз жұмыс жасап 2-3 бейнебаян шығардық. Сол кездері Moonlight қаржы жағынан қалыпқа келе бастаған, алайда тапқан табыспен қарыздарды жаптық, сол біздің көп күшімізді алып қойды. Одан кейін карантин басталды. Бізде мүмкіндіктер алаңы қалмады, концерттер де болмады. Тура сол кезде жалпы шоу бизнес индустриясының өзі тыныштыққа кетті. Содан кейін бізде де жұмыс тоқтады.

Аңсат Ділдабай: "Бұл менің тілім, менің менталитетім"

Сіздің Moonlight-тан кейінгі өміріңіз қалай өзгерді?

Moonlightтың өміріме деген әсері көп. Бәрін солармен бастап, көп нәрсенің қалай болуы керек, болмауы керек екенін білдім. Топтан кейін “мен алға жүруім” керек деген ой мидан кетпеді. Ізденіп, қарап біраз жүрдім. Біреулер мінезімен алып кетсе, біреулер басқа жағына бұрады. Ал мен дін жағына басымды бұрдым. Дін жайында көп айта бергім келмейді. Өйткені, құдаймен байланыс әркімнің өзінде болады. Менің өз байланысым табылды, сол сәттен бастап басымдағы сұрақтарға жауап табылып, менде қозғалыс басталды. Топтан кейін “өнерді мүлдеп қойып кетемін” деген ой болды, бірақ бәрібір де бірдеңе ұстап тұрады екен. Оны түсіндірудің өзі қиын. Көшеде адамдар танып, “Moonlight тағы жігіт емессің ба?” деген сәттер де және “болды қоямын, бұл менің жолым емес” деген ойлар да болды, бірақ “жоқ!” деп қайта тұрып, істеп, қайта құлап шыңдалдық. Солай жайлап, ақырындап өз толқыныма түстім. Сол жерде өз өнеріммен айналысудамын. Мен қазір сол толқындамын, өзіме бәрі де ыңғайлы. MoonLight-тың жігіттерімен араласып, тіпті бірге жұмыс жасаймыз деп те айта аламын.

Өзіңізді актёр немесе әншімін деп айта аласыз ба?

Негізі мен өзімді әнші деп қабылдаймын. Неге десеңіз, сол бағытта көп жұмыс жасадым және сол мамандықты оқыдым. Ал актерлік менің екінші мамандығым, себебі оқығанмын, актерлік білімім бар, алайда өзімді актёрлық жағынан керемет көрсеттім деп айта алмаймын. Ең алған актер ретінде “Lovonter” сериалында дебют алдым. Мен әлі толықметражды киноға түскен жоқпын, тек қана сериалдарға түстім. Басты кейіпкерді де сомдай қоймадым. Ең үлкен рөлдерім сол “Lovonter” және “Бір тоқсан” сериалдарында болды.

Жеке шығармашылықты бастаған алғашқы жыл қиын болды. Moonlight-тан бөлініп, жеке әнші болу, жалғыз өзім MoonLight-тың деңгейіндей өнерге ұмтылу психологиялық тұрғыда қиындау болды. Негізі осы туралы көп ойланып жүрдім, кейін менталды өзіммен жұмыс жасаған соң жеңіл бола бастады. Қазір мүлдем бұны ойламаймын, топтан деңгейім асады ма, аспайды ма маңызды емес. Жан рахатым үшін, тек өзім үшін музыкамен айналысамын десем болады. Қиындықтар әрқашан адам баласын шыңдайды.

Жаңа ән, жаңа бейнебаян қашан шығады?

Қазір мини альбом жасап жатырмын. Осы алдағы 2 айдың көлемінде “жасап бітіремін” деген мақсат бар. Оны жазып бітіргеннен кейін де қаншама жұмыстар әлі алдыда. Альбомның мұқабасы, жасалу керек дүниелерін, видеоларын түсірудің өзі біршама уақыт алады. Сондықтан осы мини альбомға бүкіл күшімді саламын.

Жаңа әндеріңізді кімге арнадыңыз?

Әндерімді ме? Негізі махаббатқа, бір қызға арнаймын. Көбінесе “барлық қыздарға арнаймын” деп әзілдеп жауап беремін. Бірақ ол әзіл. Кейбір адамдар тез ғашық болады, көп қыздарға ғашық болуы мүмкін. Менде ондай жоқ. Мен бір адамға байлансам ұзағынан байланып қаламын. Осы тұста көп әндерім бір адамға арналып жазылды. Сол адамға байланысты оқиғаларға негізделген. Қазір музам жоқ, бірақ пайда болып келе жатқан сияқты (күліп). Мен жақында басқа адамға арнап бірінші рет ән жаздым. Бұл басқаша, өте қызық сезім.

Болашақта продюсермен жұмыс жасағыңыз келеді ма?

Негізі жақсы продюсер болса, иә, жасағым келеді. Ерболат Беделханды, болмаса Ерлан Алимовты жақсы продюсер деп ойлаймын. Көп атала бермейтін AYREE — дің продюсері Руслан Абдикалиев та мені қызықтырады. Бір жағынан өткен тәжірибемнен сабақ алып, жеке жұмыс жасағаным ыңғайлы деген ойға да келемін. Қазақ сахынасындағы барлық өнер иелері менің бағыттаушыларым. Сол кісілерге қарап бой түзеп, көп нәрсені үйрендім, себебі бұл менің тілім, менің менталитетім.

Егер өнер жолын таңдамасаңыз немен айналысатын едіңіз?

Футболмен. Бірақ білмеймін профиссиональный спортсмен болу әнші болуға қарағанда өте қиын ғой. Себебі, ол жерде құрбандық көп. Футболдан талантым бар деп ойлаймын. Қазір “Алатау” медиа командасында ойнаймын. Құрамда әншілер, актерлер де бар. Сүйікті клубым «Реал Мадрид», ал Қазақстандық командалардың арасынан Шымкенттік “Ордабасыға”, футзалдан “Қайратқа” жанкүйермін.

Сұхбат соңында Esquire оқырмандарына қандай қызықты кітап немесе фильмді көруге кеңес бересіз?

Әркім өзінің оқығысы келетін жанрлары болады ғой. Маған биографиялық кітаптарды оқыған ұнайды. Әншілердің, танымал адамдардың өмір баяндары өте қызық. Сосын психологиялық кітаптарды ұнатамын. Өзіме Уилл Смиттің “Will” кітабы қатты ұнады. Ал фильмге келсек, маған қатты әсер еткен “Я — Хит Леджер” және “Далласский клуб покупателей” фильмдерін көруге ұсынар едім.

Жансая Тасыбек

Поделиться: