Мәжіліс 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салатын заңға түзетулер қабылдады.

"Алкогольден де қауіпті!" Қазақстанда энергетикалық сусындарға тыйым салынады
Фото коллаж: esquire.kz

Депутат Елнұр Бейсенбаев балалар арасында сусын тарату мәселесін еске салды. Мәжілістің жалпы отырысында депутат ойынға тәуелділікпен күрес жоспары туралы баяндамасын оқыды. Бейсенбаев энергетикалық сусындардың алкогольден де қауіпті болып кеткенін айтып, сатылымға қатысты мәселені де көтерді.

«Құмар ойынына әуестенген азаматтар түні бойы сергек жүру және құмар ойын ойнау үшін энергетикалық сусындардың негізгі тұтынушылары болып табылады. Сонымен қатар, AFM мәліметтері бойынша, бүгінде кәмелетке толмаған 200 мыңнан астам бала үнемі құмар ойындар ойнайды», — деді Бейсенбаев.

Депутат бұл қатарға енген жасөспірімдер «энергетикалық сусындардың кесірінен ессіз күйге түсіп» құмар ойынға бәс тігуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Қазір 10 жастағы бала да энергетикалық сусынды оңай сатып ала алады. Осыған орай, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды», — деді депутат.

Сондай-ақ ол мемлекеттік еңбек инспекциясы жергілікті атқарушы органдардан еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға ауысатынын айтты.

Поделиться: