Ұзындығы 836 шақырымды құрайтын жаңа желінің іске қосылуы қазақстандық өнімді шетелге кедергісіз экспорттауға мүмкіндік береді.

Бейсенбі, 17 қарашада Қарағанды ​​облысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ұзындығы 836 шақырымды құрайтын Достық-Мойынты теміржол учаскесінде жолдардың құрылысы басталды, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Құрылыс барысында 419 жасанды құрылысты (5 үлкен көпір, 87 шағын және орта көпір, 288 су өткізгіш құбырлар, 14 жол өткелдері), сондай-ақ энергетика және коммуникация нысандарын салу жоспарлануда. Құрылыс 2025 жылдың 4 тоқсанында аяқталуы тиіс.

Теміржол құрылысын бастауға арналған салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысты.

Ол өз сөзінде стратегиялық маңызды жобаның республиканың транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Мәселен, оның айтуынша, соңғы бес жылда елімізде транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 4,4 есеге артқан, ағымдағы жылдың 10 айында экспорттық бағыттағы жүк айналымы 74 млрд тонна-километрден астам, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артық.

Осыған байланысты теміржол саласында қуаттылықты айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Оның ішінде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал желілері, Алматыны айналып өтетін айналма жол, т.б. бар.

«Бүгін біз ең ірі теміржол жобасын іске қосып отырмыз. Ол учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге – 12-ден 60 жұп пойызға дейін ұлғайтады, сондай-ақ қазақстандық экспорттаушыларды осы бағытта тасымалдау мәселелерін толығымен жояды», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр жобаны жүзеге асыру барысында жергілікті қамту үлесі 80 пайыздан асатынын қадап айтты. Атап айтқанда, шпалдар, рельстер, трансформаторлар шығару, инертті материалдар, құм, қиыршық тастарды жеткізу жұмыстарын жергілікті компаниялар атқаратын болады. Сондай-ақ, құрылысқа 3700-ге жуық адам тартылса, теміржол желісін пайдалану кезінде 500 адам тұрақты жұмысқа орналасады.

«Оны жүзеге асырудың жиынтық әсері 20 жыл ішінде бюджет кірісін одан әрі 4,1 триллион теңгеге арттыруға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Поделиться: