Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, әуе билеттерінің құны импорттық жанармай есебінен қымбаттаған.

«Әуе билеттерінің құнына келетін болсақ, бүгінде билет құнының 30 пайызын жанар-жағармай құрайды. Авиациялық жанармайдың белгілі бір бөлігі шетел валюталарының бағамына байланысты импортталатындықтан, бұл мәселе біз үшін ашық күйінде қалып отыр. Бағаның шарықтап кететін кездері болады», — деді Дауылбаев Мәжіліс отырысында.

Ол әуе билеттерінің бағасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бақылауында екенін түсіндірді.

Вице-министр қазіргі уақытта Қазақстанда алты авиакомпания жұмыс істейтінін, олар 83 ұшақты пайдаланатынын айтты.

«Қызмет көрсету сапасына келетін болсақ, биылғы жылы 14 ұшақ алынады. Оның жетеуі сатып алынды. 2025 жылдың соңына дейін 51 ұшақ сатып алуды жоспарлап отырмыз. Жаңа бағыттар ашылады», — деп қосты Дауылбаев.

Поделиться: