"Цифрлық аутизм" Бүгінгінің шындығы?!


Қазіргі таңда  адам өмірін гаджеттерсіз және үнемі ақпараттың үлкен ағындарын қабылдайтын Интернетсіз елестету мүмкін емес. Көп ақпаратқа қолжетімділіктің болғаны жақсы көрінгенмен, цифрлық заманның кереғар тұстары жетерлік. Адамдар Интернетте қысқа бейнелерді немесе суреттерді көру арқылы шын өмірде тікелей байланысты азайтады, қиялдағы әлемнің құлына айналады.

Иллюстративті сурет, ашық дереккөзден

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлеуметтік желіге тәуелділікке қатысты жаңа диагноздар жасады. Бұл цифрлық аутизм, цифрлық дамудың кешігуі және цифрлық тәуелділік ұғымдары.

Аутизм - адамның әлеуметтік өзара әрекеттесу дағдыларын толығымен немесе ішінара жоғалтатын жүйке жүйесінің бұзылуы болса, цифрлық аутизм ақпараттық немесе цифрлық технологиялар әсерінен әлеуметтік дағдыларды жоғалту дегенді білдіреді.

Бұрындары адамдар әлеуметтік тұрғыдан ойлайтын, білім іздеу үшін әлеуметтік топтарға біріккен болса, қазіргі таңда адамзат кез келген білімді Интернеттен алып, бір-біріне жат болып бара жатқан кереғар заманға тап болды. Бұл мақалада «Цифрлық аутизм заманауи проблема ма?» деген өзекті сұраққа жауап беріледі.

«Жүйелі ойлау цивилизациясынан не жүйелі, не аналитикалық ойлауы жоқ көру не есту образына негізделген цифрлық цивилизацияға өтіп жатырмыз», - психотерапевт Андрей Курпатов.

Біз Гутенберг галактикасынан Цукерберг галактикасына өтіп кеттік.

Адамзат тарихында XVI ғасырдың ортасында неміс өнертапқышы Иоган Гутенберг алғашқы рет баспа машинасын ойлап тапты. Бұл сол замандағы ақпарат тарату кеңістігінде болған төңкеріс еді. Адам санасы өзгерді. Ауыздан ауызға тарайтын ақпарат ендігі жерде арнайы жарлық қағазы не хат емес, автоматтандырылған баспа табағынан шығатын кітапшалар, алғашқы газет-журналдарға айналды. Сол кезде де толассыз ақпарат ағыны белгілі бір дәрежеде адам санасына соққы жасады. Бұл адамдарды "азғын етеді, бұзады" деген консервативтік пікір сол кезде де болды. Бірақ бұл төңкеріс адам баласын алға жетелеп, дамуына жол ашты.

Одан кейінгі үлкен төңкеріс интернет жүйесімен келген әлеуметтік желілік төңкеріс. Ол XXI ғасырдың басында Марк Цукербергтің «Facebook» әлеуметтік желісін жасаумен келді.

Марк Цукерберг, сурет ашық дереккөзден

Әлеуметтік желінің пайда болуы адамзат баласының ақпарат алуындағы жаңаша төңкеріс болды. Шексіз, цензурасыз ақпарат кеңістігі құрылды. Адам баласына шексіз еркіндік әкелді. Гутенбергтің баспа машинасы Ұлы Француз революциясын екі ғасырға жеделдетсе, Цукербергтің әлеуметтік желісі бүгінде түрлі-түсті революцияға жол ашты. Адам баласы өз құқықтары мен еркіндігіне жол ашты. Дамудың жаңа жолы, бағыты ашылды.

Шексіз еркіндік те адам үшін қауіпті болып шықты.

Адамзаттың жаңа технологиямен өмірін жақсартып, дамуы оның санасы мен психологиясын деградацияға ұшыратып, жаңа ауру түрлеріне алып келді. Адамзатқа депрессия, суицид, экзистенциалды вакум, террорризм және цифрлық аутизм келді.

Қазіргі кезде медиаиндустрия өз мазмұнын (контентті) мүмкіндігінше қарапайым жасауға бағытталған. Біз арзанқол, қарапайым, примитивті контенттің ұлғаюын бақылап отырмыз. Оған қоса трансформация жүріп жатыр. Гутенберг галактикасынан Цукерберг галактикасына көштік. Бұл жайында Нейроғылым мен адам мінез-құлқы лабораториясын басқаратын Андрей Курпатов өз сөзінде цифрлық замандағы адамның өзгеруі туралы ойларымен бөлісіп, былай дейді: «Мәтінге негізделген жүйелі ойлау цивилизациясынан біз не жүйелі, не аналитикалық ойлауы жоқ, тек көру не есту образына негізделген цивилизацияға өтіп жатырмыз».

Бүгінде контенті қабылдау үшін басыңыз (миыңыз) қажет болмай қалды. Сіз әрдайым контентті  тұтына берсеңіз, мидың ойлауға жауап беретін бөлігіне энергия бармайды. Сіздің миыңыз ұйқыға кетеді. Сондықтан твииттер мен инстаграмда ғана отыратын адамдар шаблондармен, стереотиптермен ойлайтынына және дамымайтынына таң қалмауға болады. Бұл жерде әрине ересектер туралы айтып отырмыз.

Балалар мен жасөспірімдер ше?! 

АҚШ пен Ресейдегі және Қазақстандағы балалардың 40 % ақпаратты үздіксіз қабылдай береді. «Касперский Лабораториясына» сенсек, бұл бағытта еуропаның ата-аналары салыстырмалы түрде саналы деуге болады. Бірақ балалардың жасы 14-18 қарай  жағдай әлемнің барлық елдерінде бірдей. Яғни әлемнің жасөспірімдері уақытының 60-70% онлайн өткізеді. Бұл дегеніміз олардың  ойлау қабілеті қалыптаспайды немесе ұйқыға кеткен деген сөз. Ал бұл олардың өсе келе өмір сүру қабілетінің мүлде болмай, не ауруға не өлімге әкелетінін білуіміз керек. Бұл үлкен мән беретін дүние. Біз мұны ескермесек зардабын тартатынымыз анық.

Иллюстративті сурет

Бүгінде психотерапевттер мен ғалымдар цифрлық аутизм эпидемиясы туралы айтып, ескеретін біраз мәселенің бетін ашып отыр. 1997 жылы адамдардың бетпе-бет сөйлесуге жұмсаған  уақыты мен экран алдында өткізген уақыты теңескен еді. 2007жылы iPhone пайда болған кезде адамның экранмен өткізетін уақыты 8 сағаттан асса , ал бетпе бет сөйлесу уақыты 2 сағаттан аз болған. Осының нәтижесінде бізді "цифрлық аутизм" эпидемиясы жайлады десек болады.

Цифрлық аутизм дегеніміз – адамдардың бір-бірімен ұзақ уақыттық психологиялық байланыс орната алмауы, басқа адамның ішкі жан дүниесімен қызықпауы, әр адамның жеке құндылық екенін көрмеуі. Тіпті ғашық қыз бен жігіт те кездесу кезінде бір-бірімен сөйлесудің орнына, телефондарымен уақыт өткізетінін жиі көресіз.

Сіздер бұл жаңа цивилизация, жаңа әлем және біз оған көндігуіміз, үйренуіміз керек дейтін боларсыздар. Бірақ бір зерттеуде, егер сіз телефоныңызда 2,5-3 сағаттан көп уақыт отырсаңыз, сіздің депрессиялық ойлауыңыз пен сиуцидке бейімділігіңіздің көрсеткіші қатты көтерілетінін анықталған.

«Поглощённые светом», художницы Гали Мэй Лукас и Каролин Хинц

Map – Statistics Telegram арнасы ұсынған статистикада 2021 жылы ғаламдық желіде бір минутта 500 сағат YouTube контенті, 695 мың Instagram сюжеттері және екі миллионға жуық қаралым жасалған. Сондай-ақ, пайдаланушылар минутына 197,6 миллион электрондық поштаны және мессенджерлерде шамамен 69 миллион хабарлама жібереді.

Интернет пен әлеуметтік желілер қазақстандықтардың өміріне берік орнықты және адамдардың психикасына өз әсерін тигізуде. Психологтар әсіресе балаларда желілік тәуелділік жиі байқалатынын және оны емдеудің жолы жоқтығын ескертеді.

Әлем тек қана байлар мен кедейлерге бөлінбейді, сонымен бірге ақылдылар (есті, жетелі)  мен зердесіздер бар. Оған қоса әлеуметтік қарым-қатынастың құрылымында да өзгерістер болып жатқанын бақылауға болады. Басқарудың вертикалды бір ғана ақпарттық құрылымдық жүйесі жойылып, горизонталды жан-жақты ақпараттық ашықтық ойлау және елестетіп оқу дағдыларын жоғалтып, дайын контентті еш ойсыз, мазмұнын түсінбейтін, оқымай, тек көрілетін визуалды қабылдау жүйесіне алып келді. 

Цифрлық аутизм – заманауи үлкен мәселе.

Қазір адамзаттың өмір сүруі тұрғысынан өркениет тарихындағы ең жақсы сәт. Көптеген адамдар бүгінде өркениеттің игілігіне қол жеткізіп отыр. Цифрлық жүйелер біздің өмірімізді жақсартқанымен, психологиямызға өте ауыр зардап әкелуде. Өкінішке орай, қазіргі таңда көптеген жандар ақпараттық технологияларды орнымен пайдалану мен шамадан тыс әуесқойлыққа бой алдырудың аражігін ажырата алмай жатады. Осыған байланысты, жасөспірімдер мен жастар арасында интернетке тәуелді буын саны өсуде. Олар виртуалдық қарым-қатынастың құрбанына айналған, сол себептен шынайы өмір олар үшін өте ауыр көрінеді.

Виртуалды байланыс шынайы өмірдегі достармен сөйлесуді, серуендеуді, рухани және мәдени құндылықтарды алмастырмайды. Цифрлық аутизм – заманауи үлкен мәселе. Ал оны шешу үшін жаңалық ашудың керегі жоқ. Тек адам санасымен ойланып, өз-өзінен есеп алып, ішкі жан-дүниесімен сырлас болуы керек. Өзін де, өзгені де жақсы көріп, күллі жаратылысқа саналы танымдық көзқараспен қарап, тамсана білсе болғаны.