Біз бүгінгі топтамада қазақ әдебиетіндегі үздік романдар туралы айтамыз. Қаншама жылдар өтсе де қоғамдағы маңыздылығын жоғалтпаған «қазақ қызының, қазақ әйелінің» жарқын бейнесі дәл осы кітаптарда көрініс тапқан. Бұл топтамада оқырманға берері көп мәңгілік туындыларға шолу жасаймыз.

Уақытпен сыналған! Қазақ әдебиетінен қызықты 5 роман
Фото

1. Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романы

Роман жастардың өмірі туралы баяндайды. Романның қайшылығы мінездер қақтығысына құралған, ал кейіпкерлердің ішкі өмірі, қызығушылықтары, шығармашылық еңбегі біздің жастардың жаңа қоғамның адамдары екенін танытады.

Роман кіршіксіз таза махаббат пен одан да жоғары тұратын ар тазалығы, құлықтылық тазалық дегеннің адам өміріндегі ерекше орнын айқын бейнелейді. Оқырманды ой орманына алып барып, онда махаббат пен ғашықтықтың басқа салар ауыр тағдыры туралы сыр шертіледі, адамның жан күйзелісі мен тән күйзелісін қатар сипатталады. Өмір тынысының ең айрықша сәттері бедерленген туындының оқырман қауымға берері көп.

Уақытпен сыналған! Қазақ әдебиетінен қызықты 5 роман

2. Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы

«Ай мен Айша» романы Шерхан Мұртазаның өз өмірінен сыр шертеді. Романда ашыршылық жайлаған зұлмат жылдарда дүниеге келіп, қазақ зиялылары репрессияға ұшыраған жылдарда әкесінен айырылып, одан кейін Ұлы отан соғысының тауқыметін бастан өткеріп қанша қиыншылық көрсе де, еңсесі түсіп езілмей, ағынға қарсы жүзе білген Барысхан деген баланың өмірі және сол балаға өшпестей үміт сыйлап, өмірлік шам-шырағы, қайсар қаһарманы болған анасы Айша жайында баяндалған.

1937 жыл. Қуғын-сүргіннің өршіп тұрған кезі. Көктемде тойдан бірге қайтқан жетеудің біреуі арыз жазып, алтауы ұсталатын кез. Әлі ес біліп, етек жиып үлгермеген Барсханның әкесі Мұртазадан тірідей айырылатын тұсы. Міне, сол күннен бастап шиеттей үш баланы жеткіземін деп Айшаның көрмегені жоқ. Бұл ролман оқырманға берері көп, ерекше қызықты туынды.

Уақытпен сыналған! Қазақ әдебиетінен қызықты 5 роман

3. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы

Заманымыздың аса көрнекті жазушысы Ғ. Мүсірепов бұл романында ескі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа қарсы шығып, ел басқару дәрежесіне дейін көтерілген қазақ әйелінің тағдыры шынайы суреттелген Кітап көпшілік қауымға арналған.

Туындыда қарапайым қазақ қызының ел анасына айналуына дейінгі оқиғалар баяндалады. Қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы мәселесі де қалыс қалмаған. Ер азаматты қадірлеуді, ата-анаға, ел-жұртқа қамқор болуды үйретеді.

Уақытпен сыналған! Қазақ әдебиетінен қызықты 5 роман

4. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы

Сұлтанмахмұт Торайғыров – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғаларының бірі. Оның романдарының басты тақырыбы – әйел теңсіздігі, өз заманының әлеуметтік мәселелері. Оқиға желісі әйел тағдырын көрсетуге құрылғанмен, соған байланысты қазақ қоғамын, тіршілігін терең бейнелейтін шығармасы – «Қамар сұлу» романы. Туынды жартылай өлеңмен, жартылай прозамен жазылған.

«Қамар сұлу» романы өмірде болған оқиғалар негізінде жазылған. Автор шығарма фабуласын Алтай елінде болған кездерінде ел аузынан алған.  С. Торайғыров романында қазақ қоғамы ілгері дамуына кесел болып отырған кемшіліктердің ірісі ретінде тамақ үшін бәріне көніп, сұмдыққа көз жұмып отырған надан, көнбіс көпшілікті көрсеткен. Сондай-ақ жазушы әйелдер тағдырын – адамдық правосын ескермеген қоғамдығы түрлі әлеуметтік күштердің осы проблемаға қарым-қатынасын да бейнелеп көрсеткен. Түйінді мәселелерді болашақ өркениет проблемаларымен көтереді. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы қайшылықтарын тереңдей талдап, жан-жақты көркем бейнелеген.

Уақытпен сыналған! Қазақ әдебиетінен қызықты 5 роман

5. Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романы

Ақбілек — Жүсіпбек Аймауытұлының қаламынан туған психологиялық роман. Роман тұңғыш рет 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналында жарияланды. «Ақбілек» романындағы барлық оқиғалар тікелей өмірден алынған. «Ақбілек» романы – қазақ ауылындағы дүрбелең жылдар шындығы, олардың дәстүрі мен тұрмысы, жекелеген адамдардың іс-әрекеттері мен қарым-қатынастары, әсіресе басты кейіпкер Ақбілектің қасіретке толы өмірі, мұңы мен шері жайындағы туынды. Бір ғана қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының өзгеру процесін суреттеген алғашқы қазақ романдарының бірі. Сонымен бірге халқымыздың өткен өмір көріністерін, адамдар арасындағы көзқарастар қақтығысын, ел мен жер, келешек күндерге деген наным, сенімдері серпінді, шабытты, көркем кестеленеді. Кейіпкерлер келбеті, іс-қимылдары да нанымды жеткізіледі. Қазақ төңкерісінен кейінгі қазақ ауылының өмір-тірліктері, ақ гвардияшылар әрекеті кеңінен көрініс береді. Романда көтерілген басты мәселе – қазақ қызының тағдыры мен әйел теңсіздігі.

Уақытпен сыналған! Қазақ әдебиетінен қызықты 5 роман

Фото және дереккөз: meloman.kz, kitapal.kz, kitap.kz

Поделиться: